Білім алу құқығы: ауған әйелдерінің мүмкіндіктерін кеңейту

2025 ж. 18 February

Ләйлә кітапханада сабақ қарап отыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Федотов

Көктемде ерімейтін қар, әйтеуір бір күні аяқталмайтын саяхат болмайды. Ауғанстаннан Өзбекстанның астанасы Ташкентке білім іздеп барған студенттер жақында оқу бітіріп, жаңа әрі белгісіздікке толы өмірге қадам басады. 

2019 жылы БҰҰДБ мен Еуропалық Одақ (ЕО) 50 ауған әйеліне Қазақстан мен Өзбекстанда білім алуға мүмкіндік ұсыну жөніндегі ортақ жобаны іске қосқан болатын. 2021 жылы ЕО-ның қосымша қаржыландыруының арқасында студенттер Қырғызстанда да оқи алатын болды. 2027 жылға қарай 100-ден астам ауған әйелі Орталық Азия университеттерінен академиялық және кәсіби дәреже алып шығады. 

Қазіргі таңда Ауғанстанда әйел құқықтарының бұзылуы, репатрианттар санының артуы, халықтың орын ауыстыруы, қуаңшылық, азық-түлік жетіспеушілігі, түрлі аурудың таралуы және COVID-19 пандемиясының салдары сынды бірқатар проблема бар. Бұл сын-қатерлер денсаулық сақтау жүйесінде бұрыннан бар дағдарысты ушықтыра түсті — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған мәліметке сәйкес, елде 14 миллионнан астам адам медициналық көмек қажет етеді. 

Ләйлә Ташкент мемлекеттік экономика университетінде оқиды. Ақпан айында ол Ауғанстаннан келген курстастарымен бірге техникалық және кәсіби білім (TVET) алғаны жөніндегі сертификатқа ие болмақ. Ташкентке көшкенге дейін Ләйлә медицинаны оқыған екен. 

Ләйлә кітапханада сабақ қарап отыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Федотов
«Бала кезімнен дәрігер болуды, көмекке мұқтаж адамдарға жәрдемдесуді армандайтынмын. Алайда билік ауысып, білім беру жүйесі күйрей бастағанда жоспарымды өзгертуге мәжбүр болдым. Осы стипендияға ие болып, оқуымды жалғастыруым жолымның болғаны деп білемін. Алғашында қандай мамандық екеніне аса мән берген жоқпын, алайда маған ұсынған мүмкіндіктерге орай басқа саланы меңгеріп жатырмын» —
дейді Ләйлә.

Ташкентке жол жүрудің өзі қиынға соққан сынды. Бойжеткеннің әкесі алғашында шекарадан өте алмай қала ма деп алаңдап, қызын шетелге оқуға жібергісі келмепті. Әкесінің болжамы дәл келіпті. Алайда сәті түсіп, Ләйлә басқа бір ауған отбасымен бірге ұшқан екен. Дәл осы сәт бойжеткен өмірін толық өзгертіпті. 

Ләйлә саябақта қыдырып жүр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Федотов
«Мәдениетіміз дәстүрге негізделген, сондықтан отбасым алғашында стипендия алуыма қарсы болды, анам ғана қолдап, шабыт беріп отырды. Біраз қиындықтан кейін әйтеуір әкемді көндірдім. Қазір Ауғанстандағы әйелдер құқықтарына қатысты жағдай нашарлай түскендіктен, отбасым менің дұрыс жол таңдағанымды түсінді», —
дейді Ләйлә күлімдеп.

Оқу бітіру Ләйлә мен оның Ауғанстаннан келген курстастары үшін әрі бақытты, әрі мұңды сәт. Алайда бойжеткен алдағы қиындықтарға еш мойымайтын секілді: 

«Оқу бітіргеннен кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының еріктісі (БҰҰЕ) болғым келеді. Болашақта оқуымды жалғастырып, БҰҰ-да жұмыс істеп, жаһандық бастамаларға өз үлесімді қоспақпын», —
дейді ол.

Ләйләнің басынан өткен жағдай қандай қиыншылық болса да үміттің жоғалмайтынын көрсетеді. Бастысы, жарқын болашаққа сену керек. 

Ташкенттегі студенттердің топтық суреті.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Федотов