
Нұргүл офисте жұмыс істеп отыр.
Бала кезінен Нұргүл Пилтан технологияға үйір болды. Ол әр кез компьютерлік инженерия саласында мансап құруды және цифрлық болашаққа өз үлесін қосуды армандады. Алайда оның өмірлік жолы өзі қалағандай оңай болған жоқ.
2023 жылы диплом алғаннан кейін Нұргүл көптеген түлектерге таныс мәселеге тап болды: мамандығы бойынша жұмыс табу қиынға соқты. Ақыры көлік салонына жұмысқа орналасты. Сол кезде оған IT саласы сондай алыс, болашағы зор әрі тым бәсекелі болып көрінді. Бірақ көп ұзамай өмірін өзгертетін мүмкіндік туды.
Жұмысқа кіріскен соң ғана Нұргүл Алматыда өтіп жатқан БҰҰ Даму бағдарламасының Жастар лагері туралы естіді. Әлгі лагерь жастарға еңбек нарығында дұрыс бағыт-бағдар табуға, кәсіпкерлік, цифрлық және коммуникациялық дағдыларын дамытуға көмектесіп жатқан еді. Лагерь Жапония қаржыландыратын, осал жастарды қолдауға бағытталған аймақтық БҰҰДБ бастамасы аясында өткізілді.
Нұргүл мұндай мүмкіндікті жібергісі келмеді, сондықтан Жастар лагерінде тренингтерге қатысу өмірін түбегейлі өзгертуге жол ашты:
«Мен өз мамандығымда қалай мансап құру керек екенін түсіндім», — деп еске алады ол. — «Жас маман үшін ақпарат өте көп болды, бірақ маған да керегі сол еді».

Нұргүл офисте жұмыс істеп отыр.
Лагерь жай ғана білім беретін бағдарлама емес, пікірлестер қауымдастығы болып шықты. Шеберлік дәрістері, тәлімгерлік, жаңа таныстар — осының бәрі Нұргүлге бір кездері таңдаған мамандығына деген құштарлығын қайта оятуға көмектесті.
«Уақытша сәтсіздіктер тұйық жол емес, жаңа мүмкіндіктерге апаратын баспалдақтар екенін түсіндім. Сонымен қатар лагерь көшбасшылық қасиеттерімді, ұжымда жұмыс істеу қабілетімді және өзіме деген сенімділігімді айтарлықтай арттырды».
Нұргүлдің өмірін өзгерткен тағы бір оқиға елорда Астана қаласында өткен STEM саласындағы әйелдерге арналған көшбасшылық бағдарламасына қатысу болды. Бастама ғылым, технология, инженерия және математика салаларындағы гендерлік кедергілерді жоюға, сондай-ақ осы салаларда мансап құруға ұмтылатын қыздарға қолдау көрсетуге бағытталды.
«Қазақстанда STEM салаларында гендерлік теңдік әлі орнай қойған жоқ, осы салаларда әйелдер әлі де аз. Стереотиптер, үлгі-өнеге көрсететін тұлғалардың жоқтығы және әлсіз қолдау көбінесе қыздардың технологияларды таңдауына кедергі жасайды», —дейді Нұргүл.

Нұргүл құралдармен жұмыс істеп отыр.
Ол дұрыс айтады. БҰҰДБ мен «БҰҰ-Әйелдер» Құрылымының жақында жүргізген зерттеуі қазақстандықтардың 54 пайызы әлі күнге дейін осы мамандықтар әйелдерге жарамайды деп есептейтінін көрсетті. Мұндай ағат пікір сандардан да көрінеді — инженерлік мамандықтарда қыздар жалпы студенттер санының 8-15 пайызын ғана құрайды.
Бағдарламаға қатысу Нұргүлге мүлде басқа көрініске куә болуға мүмкіндік берді. Ол кедергілерді еңсеріп, STEM-де табысқа жету жынысқа емес, талантқа, табандылыққа және кәсібилікке байланысты екенін дәлелдеген қатысушылармен танысты.

Нұргүл офисте жұмыс істеп жатыр.
Өзіне деген сенімі артқан Нұргүл арманына қарай нық қадам басып барады. Оның мақсаты қандай? Жасампаздық пен технологияны біріктіріп, UX/UI дизайнында, веб-әзірлемеде және фронтенд-инженерияда жоғары сұранысқа ие маман болу.
Бірақ оның амбициялары бұдан да өршіл. Бір күні өзінің дизайн студиясын немесе IT компаниясын ашып, функционалдылық пен эстетиканы біріктіретін инновациялық шешімдер әзірлеумен айналысқысы келеді.
Сол мақсатына жету үшін оқуын белсенді жалғастырып жатыр: бағдарламалауды үйреніп жүр, UX/UI дизайнын тереңдете зерттеп жатыр, кәсіби қауымдастықтарға мүше, хакатондар мен технологиялық конференцияларға қатысып тұрады.
«Ең бастысы — табандылық пен үздіксіз жетілу», — дейді Нұргүл. — «Тек осылай ғана шынымен тамаша нәтижелерге қол жеткізуге болады».
Нұргүлдің хикаясы — қайтпас мінездің, арманға талпыныстың үлгісі. Жастар лагері және STEM-дегі әйелдер көшбасшылығы бағдарламасы сияқты бастамалар қазақстандық қыздарға технологиялар саласында табысты мансап құру үшін қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Олар сонымен қатар БҰҰДБ-ның бүкіл әлемде гендерлік теңдікке септесуді көздейтін ауқымы кеңірек миссиясынан көрініс береді.
***
Жастар лагері және STEM-дегі әйелдер көшбасшылығы бағдарламасы Жапония үкіметі қаржыландыратын Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу үшін тұрақты қауымдастықтарға қолдау көрсету жөніндегі аймақтық БҰҰДБ бастамасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Каспий теңізінің жағасы.