Өзгеріс жасау құралына айналған аграрлық кәсіп: Ауғанстаннан келген Шахрзадтың хикаясы

2025 ж. 10 February
A young woman in a black coat and light sweater stands outside with a serious expression.

Шахрзад Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің алдында тұр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

Шахрзад өсімдік өсіру маманы болуды армандайды. 2021 жылы оқу оқып, әлемді жақсартамын деп шетелге кеткен бойжеткен - қазір Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің үшінші курс студенті. Ол алған білімі мен дағдылары жетістікке жетуге көмектеседі деп үміттенеді. Мақсаты қандай дейсіз бе? Ауыл шаруашылығы саласы мен азық-түлік өндірісінің орнықтылығын арттырып, басқалардың  да сапалы өмір сүруіне жағдай жасау.

Шахрзад — ауған әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін Орталық Азияда білім беру және кәсіби дайындық ұсыну арқылы кеңейту жөніндегі, Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын аймақтық БҰҰДБ бастамасының екінші кезеңіне қатысушы. Пилоттық бастама 50 ауған әйеліне Қазақстан мен Өзбекстанда жоғары білім алуға мүмкіндік ұсынды. 2021 жылы ЕО тарапынан бөлінген қосымша қаржыландырудың арқасында студенттер Қырғызстанда да оқи алатын болды. 2027 жылға қарай 100-ден астам ауған әйелі Орталық Азия университеттерінен академиялық және кәсіби дәреже алып шығады.

Ауғанстандағы экономикалық қызметтердің 80 пайызы ауыл және мал шаруашылығы салаларына қатысты дейді Шахрзад аграрлық оқу орнына түсуге не түрткі болғаны жайлы сөз болғанда.

«Өсімдіктердің біз үшін қаншалықты маңызды екеніне әрдайым таңқалатынмын — оларсыз өмір жоқ қой. Жейтін азығымыз да, ем үшін қолданатын дәріміз де сол. Өсімдік өсіру ғылымын игере отырып, мен табиғатпен жұмыс істеп, адамдарға көмектесе аламын. Егіншілік тәжірибелерін жетілдіріп, азық-түліктің қолжетімділігін арттырып, дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттерін зерттей аламын. Мені әрі қызықтыратын, әрі шабыттандыратын нәрсе — жарықты немесе топырақты дұрыс таңдау сынды кішкентай ғана нәрселер үлкен нәтижеге әкелуі мүмкін», –
дейді Шахрзад.

Шахрзад тәжірибелік жұмыс жасап жатыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

Бойжеткеннің сөзіне қарағанда, оның отанындағы ауыл шаруашылығы секторында әйелдер үшін мүмкіндік көп, өйткені көптеген ауған қауымдарындағы әйелдердің өсімдіктер мен дәстүрлі медицина туралы түсінігі бар. Егер қаржы мен нарық қолжетімді болса, олар білгенін табысты кәсіпке айналдырар еді. Әйелдер табысты болса, қоғамдастық та күшейе түседі.

«Әйелдер оқу оқып, жұмыс істей алатын, қауіпсіз кеңістік құрып, оларды несие не гранттармен қамтамасыз етіп, қоғам мен саланың толыққанды мүшесі болатындай жағдай жасау керек деп ойлаймын», –
дейді Шахрзад.

Шахрзад тәжірибелік жұмыс жасап жатыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

Ауғанстандағы әйелдерге қатысты шектеулер оқудың, жердің және қаржылық көмектің қолжетімді болмауы. Ауғанстандағы БҰҰДБ-ның жақында әйел кәсіпкерлер жағдайы жөнінде жүргізген зерттеуіне қарасақ, 15,8 миллион халқы азық-түлік қауіпсіздігінің болмауынан зардап шегетін, еңбек етуге қабілетті жастағы әрі үй шаруашылығымен айналысатын әйелдерінің жұмыспен қамтылу деңгейі 2023 жылы екі есе төмендеп, 6 пайызға жеткен Ауғанстанда көптеген әйелдер мен олардың отбасылары кәсіпкерліктің арқасында күн көріп отыр. Бұл зерттеу жұмысы әйелдер басқаратын кәсіпорындардың 80 пайызы кәсіпкерлік арқылы келетін қаржыны жалғыз табыс көзі деп білетінін көрсетеді. Сонымен қатар әйелдер басқаратын кәсіпорындар басқа әйелдерді де жұмыспен қамтамасыз етеді.

Оқудағы табыстары туралы сөз қозғағанда Шахрзад емдік шай өндіру жөніндегі бизнес жоспары туралы мақтанышпен айтты:

«Дәстүрлі ілімнің қаншалықты құнды әрі көп адамға бейтаныс екенін түсіндім. Мұны адамдардың денсаулығына да, экономикаға да пайдалы нәрсеге айналдыруға болады».

Шахрзад тәжірибелік жұмыс жасап жатыр.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

Шахрзад арманнан бас тартуға болмайды дейді. Оқу оқып, үнемі сұрақ қойып, өзің үшін де, басқалар үшін де алға ұмтылып, талаптана беру керек екенін айтады:

«Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін одан әрі жеңіл әрі орнықты қылу жолын ойлап тапқым келеді. Мұндай шешімдер әсіресе егін егу тәсілдері ескірген Ауғанстанға қажет-ақ. Бизнес пен технологияның, ауыл шаруашылығы саласының көмегімен адамдардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, Ауғанстанды ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортері ретінде әлемге танытқым келеді».