Қазақстан үшін аштық пен тамаққа жарымауды жою мәселелері негізгі күн тәртібі болып табылмайтындығына қарамастан, осы проблема бүкіл әлемдегі адамзат алдында тұрған ең күрделі мәселелердің бірі болып қала береді. 1992 – 2017 жылдар аралығында азық-түлік қауіпсіздігін арттыруда едәуір жетістіктерге қол жеткізілді, әлемдегі тамаққа жарымау ауқымы 23%-тен 11%-ке дейін екі есеге қысқарды, бірақ та елдер мен өңірлер бойынша нәтижелер бірдей болмауда.
Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі және тамақтану туралы соңғы баяндамада 2019 жылы шамамен 690 миллион адам аштыққа ұшырады делінген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10 миллион адамға және соңғы бес жылдағыдан шамамен 60 миллионға көп. Баяндамада COVID-19 пандемиясы 2020 жылдың соңына дейін бүкіл планетаның 130 миллион халқын созылмалы аштыққа ұшыратуы мүмкін және пандемия жағдайында аштықтың өршуі аштыққа ұшырағандар санын уақытша ұлғайтуы да мүмкін деп болжануда.
Осы тұрғыда елдік және жаһандық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге арналған көптеген жаһандық бастамалар климаттың өзгеруіне орнықты бейімделуді ұсыну арқылы азық-түлік пен ауыл шаруашылығы салаларының дамуына жәрдемдесуге бағытталған.
Осылайша, Global Report on Food Crises дереккөзіне сәйкес, 2019 жылы азық-түліктің жетіспеушілігінен зардап шеккен адамдардың көпшілігі қақтығыс аймақтарындағы елдерде өмір сүрген, яғни 77 миллион адам, климаттың өзгеруі – 34 миллион және экономикалық дағдарыстар болған елдерде – 24 миллион адам. Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және басқа да жерлерді пайдалану түрлері парниктік газдар шығарындыларының төрттен біріне жуығын құрайды.
Азық-түлік өндірісінің алдыңғы және кейінгі кезеңдеріндегі шығарындыларды ескере отырып, бұл шығарындылар әлемдегі парниктік газдар шығарындыларының жиынтық көлемінің 37% дейін құрайды. Сонымен қатар, ысыраптарды, артық өндіруді азайту және жергілікті қуат көздеріне ауысу шаралары дұрыс диеталармен қоса шығарындыларды
CO2 12,5 Гт деңгейіне дейін қысқартуға мүмкіндік береді, мұны 2,7 миллиард автомобильді жолдармен жүргізбей тастаған кездегідей нәтижелермен салыстыруға болады.
Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі болжамдары
Қазақстан астық пен астық өнімдерін жеткізушілердің бірі ретінде Орталық Азияның үлкен өңірі үшін маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету үшін мал басын 100% өсіру жоспары бар, бірақ мәселе жайылымдардың сапасы мен қолжетімділігінде, ал оларға климаттың өзгеруі де әсер етеді. Бұл Үкіметтің жоспарлары мен өңірлерді дамытуға кедергі болуы мүмкін бе?
2019 жылы БҰҰДБ қолдауымен бидай өндіру мен жайылымдық қой шаруашылығы саласының климаттың өзгеруіне осалдығына бағалау жүргізіліп, олардың климаттық жағдайдағы ахуалына 2050 жылға дейін болжам жасалды.
Бидай
Есептеулер көрсеткендей, 2030 жылға қарай күтілетін климат жағдайында жаздық бидайдың шығымдылығы зерттелген жеті облыста (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында) орташа есеппен
63-87% құрайды және 2050 жылғы қалыптасқан жағдайда – 51-80%. Бұл дегеніміз, қазіргі егіншілік дақылдарын сақтаған кездегі жаздық бидайдың өнімділігі 2030 жылға қарай 13-37%-ке төмендейтіндігін білдіреді, яғни жиналған алқаптардың 23-81%-ке төмендеуіне алып келеді, ал бұл 2019 жылдың бағасымен саладағы тікелей экономикалық шығындардың 456,93 млрд. теңгесін құрайды. Ал 2050 жылға қарай бидай шығымдылығы
20-49% құрайды, бұл 2019 жылдың бағасымен саладағы жалпы өнімнің
608,19 млрд. теңгеге дейінгі шығындарына алып келеді. Қазақстанның әлемде өндірісі бойынша 9-шы және бидай экспорты бойынша 7-ші орында тұрғанын және Орталық Азиядағы жалғыз экспорттаушы ел екенін ескерсек, Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделу шараларының болмауы бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Бидай шығымдылығының болжамды төмендеуінің негізгі себептері мыналар болып табылады:
- 2050 жылға дейінгі болжамдарда вегетациялық кезеңнің ылғалмен қамтамасыз етілуінің 8-17%-ке төмендеуі, бұл ауа температурасының көтерілуіне байланысты буға айналудың жоғарылауымен байланысты. Күтілетін климаттың өзгеруі жылу аймақтары мен ылғалмен қамтамасыз ету аймақтарының солтүстікке ауысуына алып келеді;
- 2050 жылға дейінгі болжамдарда жылу ресурстарының 12-16%-ке артуы, бұл жаздық бидайдың өсуі мен дамуы үшін оңтайлы мәннен жоғары;
- 2050 жылға дейінгі болжамдарда Гидротермиялық коэффициент (ГТК) мәндерінің
7-15% төмендеуімен климаттың құрғақшылығының жоғарылауы. Тиісінше, құрғақшылық пен аңызақ желдің жиілігі де артады;
- қолданылатын агротехнологиялардың жетілдірілмегендігі және дайын өнімді өндірудің де, сақтаудың да озық технологияларының болмауы;
- шаруа қожалықтарында дара дақылды егістерді қолдану, ал бұл қолайсыз ауа райы құбылыстары жағдайларында шағын және орта шаруа қожалықтарының құлдырауына алып келетін қатер. Өзгеретін климатқа, яғни жылу ресурстарының көбеюіне байланысты жоғары өнім беретін дақылдарға мәселен, күнбағыс өсіруге ішінара көшу осы жағдайларда ең оңтайлы шешім ретінде қарастырылады, өйткені егісті әртараптандыру сыртқы ортаның өзгеруінен зардап шегетін бидайдың және басқа дақылдардың шығынын өтей алады.
Жайылымдар
Қазақстанның мал шаруашылығы саласында соңғы жылдары жыл сайын ірі қара малдың (ІҚМ) 17 000 басқа дейін, қой мен ешкілер – 61 000 басқа дейін, жылқылар – 5000 басқа дейін, түйелер – 980 басқа дейін және шошқалар – 42000 басқа дейін қырылады. Өкінішке орай, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жануарлардың қырылу себептерін есепке алмайды, дегенмен, жануарлардың қырылуының бір бөлігі климаттық өзгерістерге, яғни ауа райының қолайсыздығы және жем-шөптің жетіспеуіне де байланысты.
Қолданыстағы жайылым алқаптары климаттың өзгеруіне өте осал. 2000 жылдан
2016 жылға дейінгі базалық кезеңде зерттелген жеті өңірдегі (Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары) жайылымдардың ауданы орта есеппен 117 млн. га құрады (оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдар және резервтік жерлердің жайылымдары.). Осы аумақтардағы жайылымдарға рұқсат етілген шекті жүктеме бойынша қолданыстағы стандарттарға сәйкес, бұл жайылымдарда
40,4 миллион бас ұсақ мүйізді малды (ҰММ) ұтымды ұстауға болатын еді, ал бұл өңірлердегі ҰММ нақты мәні 10,9 миллион басты құрайды. Осылайша, жайылымдарды пайдалану, жалпы әлеуеттің 27% құрады. Өңірлер бөлінісінде жайылымдық жерлерді пайдалану мынадай:
· Ақтөбе (10,6%);
· Алматы (53,0%);
· Жамбыл (49,8%);
· Қарағанды (7,7%);
· Қызылорда (23,1%);
· Маңғыстау (11,8%);
· Оңтүстік Қазақстан (84,2%).
Бүгінгі күні мал басын көбейту және қой шаруашылығының жалпы өнімін арттыру үшін жайылымдардың қоры бар, ал егер жайылымдарды пайдаланудың толық әлеуеті іске асырылса, 2019 жылдың бағаларымен саладан жалпы өнімнің 1,1 трлн. теңгесіне қол жеткізуге болар еді.
Алайда, климаттың өзгеруіне байланысты жайылымдардағы малдың сыйымдылығы қысқаруы мүмкін, бұл саладағы өнімнің шығындарына алып келуі ықтимал. БҰҰДБ жобасы сарапшыларының пікірінше, климаттың өзгеруінің РШТ 4.5 сценарийі әсерінен 2030 жылға қарай Қазақстан Республикасының жеті облысында зерттелген жайылымдардағы малдың сыйымдылығы 9,8% төмендейтін болады, ал бұл
109,0 млрд. теңге көлеміндегі ықтимал экономикалық шығындарға алып келеді. 2050 жылға қарай жайылымдардағы малдың сыйымдылығының төмендеуі – 15,2% құрайды. Бұл ретте, ықтимал экономикалық шығындар 169,6 миллиард теңгеге тең болады.
Бейімделу шаралары
Бейімделу шараларын ендіру арқылы климаттың өзгеруі әсерінен (бидай өндіру мен жайылымдар саласында) Қазақстандағы ауыл шаруашылық өндірісі салаларының өнімділігінің төмендеуі қаупінің жоғарыда аталған тәуекелдерінің алдын алуға болады. Мысалы, бидай өндіруді жақсарту шаралары қатарында бидайдың құрғақшылыққа төзімді жаңа сұрыптарын шығару; вегетациялық кезеңдегі ауа райына қарамастан кепілдендірілген өнім алуға қабілетті бидайдың жаңа бейімді сұрыптарын өсіру; ылғалды үнемдейтін технологияларды енгізу, мысалы, no-till және т.б.
Егіндік жерлерді ауыл шаруашылық айналымында сақтау мақсатында өндірісті әртараптандыру іс-шараларына мыналар жатады: құрғақ дақыл сияқты басқа да құрғақшылыққа бейім дақылдардың өндірісін таңдау және дамыту, мысалға, құмай,
сондай-ақ климаттың әсеріне ұшыраған алқаптарда малға арналған жем-шөп өндірісін дамыту, бұл түпкілікті өнімге үлкен қосымша құн береді және ауыл шаруашылық өндірісінің жалпы табыстылығына қол жеткізуге септігін тигізеді.
Шалғайдағы жайылым алқаптарының қолжетімділігі мен жайылым алқаптарын ұтымды пайдалану жөніндегі шараларға қатысты айтар болсақ, оларға шалғайдағы жайылымдарды суару арқылы айналымға енгізу тетіктерін одан әрі ынталандыру; шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығында ірі ауылшаруашылық өндірісін дамытуды ынталандыру; ауылшаруашылық жерлерінің анағұрлым ұтымды пайдаланылуын, соның ішінде қазіргі заманғы ғарыштық мониторинг құралдары мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйелерін қолдана отырып бақылауды тиімді жүргізу кіреді. Жер заңнамасын реформалау және ауыл шаруашылығы мақсатындағы ұтымсыз пайдаланылып жатқан жерлерді неғұрлым тиімді етіп қайта бөлу мақсатында жерді және/немесе ауыл шаруашылық жерлерінің бөліктерін біріктіру мен қайта бөлудің жаңа тетіктерін әзірлеу; ең жоғары жүктемелерден аспайтын жағдайда, басқа пайдаланушыларға берілген ауыл шаруашылығы жайылымдық алқаптарын пайдалану құқығының жеңілдетілген режимін беру бөлігінде жер заңнамасын реформалау, жер учаскелерін ұтымсыз пайдаланған жағдайда, жалға алушының пайдалануға арналған басым құқығын шектеу, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйелері мен бейіндік құрылымдық бөлімшелерін қолдану арқылы жануарлардың ветеринариялық жақсы жағдайын бақылау мен есепке алу маңызды аспекті болып табылады.
Осылайша, ауыл шаруашылығы экономиканың осал салаларының бірі ретінде көрінеді, ал әртүрлі дақылдардың осалдығын бағалау өсімдік өнімдерін өндіру мен сатуда кешенді дамудың маңызды міндеті болып табылады. Бақшалар, егістіктер, жайылымдар, суарма алқаптар, жемістерді консервілеудің, дәнді дақылдарды, бақша дақылдарын өсірудің және өңдеудің, логистиканың климаттың өзгеруіне төтеп беру шегі бар. Қазақстанға климаттың өзгеруіне бейімделудің дұрыс стратегиясы және елдің Париж келісімі бойынша міндеттемелерінде арнайы бөлімді әзірлеу – «Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер» туралы құжатты нақтылау және өзгерту керек екендігі анық, олар ұлттық бағдарламалар мен заңнамада бейімделу шараларына басымдық беру қажеттілігін білдіретін болады.