Экологиялық туризм – туристік индустрияның ең жылдам дамып келе жатқан секторы, оның үлесіне әлемдік туризмнің 25%-ы тиесілі. Дүниежүзілік туристік ұйымға сәйкес экотуристер саны жыл сайын 20%-ға артып келеді.
Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп Қазақстан экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар тіпті ең талғампаз туристерді де бей-жай қалдырмайды.
Экотуризм дегеніміз не?
Халықаралық экотуризм қоғамы экотуризмді қоршаған ортаны сақтайтын, жергілікті халықтың әл-ауқатын қолдайтын және экскурсиялық-ағартушылық қызмет пен білім беруді көздейтін табиғи аудандарға жауапты саяхат ретінде анықтайды.
Экотуризмнің туризмнің басқа түрлерінен айырмашылығы неде?
Экотуризмнің басты ерекшелігі табиғи аумақтарға барған кезде биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау болып табылады. Экотуризм сонымен қатар табиғатты қорғау жергілікті қауымдастықтар үшін пайдалы болатын экономикалық жағдайларды жасауға мүмкіндік береді.
Әлемдегі және Қазақстандағы экотуризм
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректеріне сәйкес, елдің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, яғни шамамен 0,26 млн км², бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елдерге қарағанда он есе көп. Бұл ретте туристер саны жылына 2 млн адамды құрайды. Сол арада, экотуризмді дамыту бойынша көшбасшылардың бірі болып табылатын АҚШ-та бұл көрсеткіш жылына 200 миллион адамға, ал Австралияда жылына 60 миллион адамға жетеді. Мұндай нәтижелерге елдер заңнамалық деңгейде реттелетін ұлттық табиғи парктердегі туризмді басқарудың жолға қойылған жүйесінің арқасында қол жеткізді.
Қазақстанда экотуризмді дамыту әлеуеті
2019 жылы Финляндия экологиялық тұрақтылықтың жоғары деңгейінің, өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алуан түрлілігі мен бірегейлігінің, сондай-ақ мемлекеттің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күш-жігерінің арқасында жабайы табиғат бойынша саяхаттау үшін үздік ел ретінде танылды. Үздік елдердің тізімін анықтау үшін ұлттық парктердің саны, биоалуантүрлілік, Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен жануарлардың жойылып кету қаупі және басқа да өлшемдер ескерілді.
Қазақстан бұл рейтингте 87-ші орынды иеленді. Соған қарамастан, ел табиғи аумақтарының үлкендігі, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, табиғат ескерткіштері мен ЮНЕСКО мұрасы мәртебесіне ие объектілері есебінен экологиялық туризмді дамытудың барлық алғышарттарына ие.
БҰҰДБ-ның экотуризмді дамыту саласындағы жұмысы мен ұсынымдары
БҰҰ Даму бағдарламасының БИОФИН жобасының бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық Кодексіне туроператорлар мен турагенттердің ЕҚТА-да турларды ұйымдастыру бөлігінде белгілі бір қағидаттарды басшылыққа алу міндеттемелерін белгілейтін толықтырулар енгізілді, олар:
· туристер санын жоспарлау;
· қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу;
· Қоршаған ортаға неғұрлым төмен теріс әсер ететін көлікті таңдау;
· жергілікті қоғамдастықтарды турларды ұйымдастыруға тарту;
· қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуын азайту және туристерді ақпараттандыру.
Экологиялық туризм жөніндегі жұмыстар шеңберінде БҰҰДБ-ҒЭҚ және БИОФИН-БҰҰДБ жобаларының сарапшылары елде экотуризмді дамытуды жетілдіру үшін мынадай ұсынымдар әзірледі:
1. Заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлерде экотуризм анықтамасын, экотуризмді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сақтамау кезіндегі жауапкершілік нормаларын, ЕҚТА аумақтарындағы құрылыс нормаларын енгізу, рекреациялық жүктемелерді есептеу әдістемелерін және соқпақтарды жайластыру жөніндегі бірыңғай стандартты енгізу.
2. Туризм үшін жауапты ЕҚТА қызметкерлері үшін оқыту модулін әзірлеу және енгізу. Рекреациялық жүктемелер бойынша бағыттарды қоса отырып, туризмді дамыту, соқпақтар мен аумақтарды жайластыру бойынша жоспарлау, әсер ету мониторингі, жергілікті халықпен және бизнеспен өзара іс-қимыл мәселелері бөлігінде ЕҚТА басқару жоспарын жетілдіру.
3. ЕҚТА-да және экотуризм саласында туристік қызметтер көрсету жөніндегі ұлттық стандарттарды пысықтау және енгізу.
Бүгінгі күні қазақстандық заңнамада бар экологиялық туризмге классикалық тәсілдер оларды реттеу тетіктері мен өлшемшарттарын нақты айқындауды қажет етеді.
Сондықтан экотуризмнің анықтамалары сияқты жоғарыда аталған ұсынымдарды Қазақстан заңнамасында бекіту туристік саладағы барлық нормативтік құқықтық актілерді ретке келтіруге, оның ішінде экотуризмді дамыту саласындағы қызметті ұйымдастыратын субъектілерді объективті бағалауға, сондай-ақ аумақтарда табиғат қорғау шараларын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туризм және экология саласындағы уәкілетті органдар тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеп, табиғи аумақтарда туризмді басқарудың қолданыстағы әдістерін қайта қарауы қажет.
Экологиялық туризм қоршаған табиғи ортаны қорғау және қалпына келтіру қоғам дамуының барған сайын елеулі өлшемдері болып табылатын кез келген елдің экономикасын дамытуға үлес қоса алатынын есте ұстаған жөн.