Алматы қаласында ауаның ластануы және оның тұрғындарының денсаулығын жақсарту мәселелерінін ауа сапасына мониторинг жүргізу арқылы шешу
2022 ж. 5 September
2030 жылға дейінгі кезеңде Орнықты даму саласындағы күн тәртібі шеңберінде Қазақстандағы БҰҰДБ зертхана акселераторы тұрғындар өмірінің сапасын жақсартуға арналған инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған жобаларды іске асырады. Осындай жобалардың бірі – «Қалалық эксперименттер қоры» БҰҰДБ өңірлік бағдарламасымен бірлесе іске асырылып жатқан, Алматы қаласында ауа сапасын жақсарту бойынша бастама болып табылады.
Жобаның мақсаты – мониторинг жүргізу, деректерді талдау және Алматы қаласындағы ауаның сапасын жақсартуға арналған шешімдерді қабылдауға арналған цифрлық құралды әзірлеу. Осы мақсатта біз Алматы қаласының әкімдігімен және AirVision.kz қоғамдық қорымен ынтымақтастықта жұмыс істейміз.
Ауаның ластануы – тұрғындар арасында сырқаттанудың және ерте өлімнің жоғары көрсеткіштеріне алып келетін қаладағы ең үлкен проблемалардың бірі. ДДСҰ мәліметтеріне сәйкес, Алматыда PM2.5 шоғырлануының көрсеткіштері қыс мезгілінде рұқсат етілген шектік мәндерден 17 есе артық.
Өз кезегінде, денсаулыққа төнетін қатерлер экономикалық шығындармен байланысты. Дүниежүзілік банктің 2022 жылғы есебіне сәйкес, Қазақстанда ауаның ластануы салдарынан жыл сайын жалпы көлемі 10,5 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрайтын экономикалық шығындарға алып келетін 10 000 астам ерте өлім жағдайы болжанады.
Проблеманы зерделеу барысында біздің команда қоршаған ортаны зерттеуші ғалымдармен, қоршаған ортаны қорғаушы белсенділермен, үкіметтік емес ұйымдармен және халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ әкімдік өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Алматыдағы ауаның ластануына келесі үш негізгі фактордың әсер ететіні жалпыға белгілі: автокөліктерден бөлінетін пайдаланылған газдар, жылу қуаты орталығынан бөлінетін көмір түтіні және негізінен көмір пайдаланатын жекеменшік үйлер секторынан шығатын түтін. Сондай-ақ, соңғы жылдары ауа сапасын жақсарту үшін әрекеттер жасалып жатқаны белгілі. Алайда, бұл әрекеттер тұрақсыз сипатқа ие, сондықтан олардың тиімділігі төмен болып отыр.
Проблеманы терең зерттеп, себеп-салдарлы байланысты анықтағаннан кейін бізге тиімді шешімдер қабылдауға кедергі жасайтын басты кедергілердің бірі – ауа сапасы бойынша сенімді деректердің жоқтығы екендігі айқындалды.
Тексерілген дереккөздерден нақты уақыт режимінде алынатын деректерді сенімді деректер деп атауға болады. Сәйкес шараларды қолға алу мақсатында әкімдіктерге берілген орташаландырылған деректер ағымдағы ахуалға сапалы талдау жасау үшін жеткілікті негіз бола алмады.
Осы себептен біздің команда ауа сапасына мониторинг жүргізуді жобаның басты мақсаты ретінде айқындады. Біз мониторинг жүргізудің жаңа құралын әзірлеудің орнына тәуелсіз қоғамдық қор құрған, қолданыстағы AirVision.kz порталын қолдау туралы шешім қабылдадық. Портал қаланың барлық аймақтарында орнатылған жергілікті ауа сапасын бақылау бекеттерінен алынған мәліметтерді жинақтайды және оларға ауа сапасының индексі AQI негізінде түсініктеме береді. Бұл индекс PM10, PM2.5, NO2, SO2 және CO сияқты көрсеткіштерді қамтиды. Порталға веб-сайт және мобильді қосымша арқылы қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ, порталдың ағартушылық және интерактивті компоненттері бар. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы жаңалықтар, экологиялық ағартушылық және ауа ластануының жоғары көрсеткіштері жағдайында денсаулық күтімі бойынша ұсынымдар. Сонымен қатар, порталда Алматы тұрғындары экологиялық заң бұзушылықтар туралы шағымдар беру, қаладағы ауа сапасын арттыру бойынша үздік идеяларды ұсыну және оларға дауыс беру мүмкіндіктері бар.
Порталды нығайта түсу үшін біз «қызықтыр», «хабарла» және «қатыс» компонеттерінен тұратын кешенді тәсілді қолдандық. Порталды пайдаланушылар санын және олардың қызығушылығын арттыру үшін біз порталға геймификация элементтерін қостық. Әрбір тіркелген пайдаланушы табиғи таза өмір салтын ұстанған, атап айтқанда, экологиялық көлік түрін (самокат, велосипед) пайдаланған жағдайда виртуалды ұпайлар ала алады. Сондай-ақ, БҰҰДБ жобалары шеңберінде әзірленген және порталға орналастырылған қоршаған ортаны қорғау туралы бейне-роликтерді қараған жағдайда да ұпайлар қосылады. Жиналған ұпайларды бағалы сыйлықтарға алмастыруға болады. Бұл функционал сынақ режимінде жұмыс істеуде және жылдың соңына дейін қолжетімді болады.
Қала әкімдігін ауа сапасы жөніндегі проблема туралы ақпараттандыруды жетілдіру мақсатында біз 2016 жылдан бастап жинақталған тарихи деректерге талдау жүргіздік. Талдау нәтижесі бойынша ұсынымдар топтамасы жасақталды және тиісті басқармаға берілді.
Біздің жобамыз – ауаның ластануына байланысты күрделі проблеманы шешу ісіндегі алғашқы қадам. Біз ауа сапасына мониторинг және талдау жүргізу дәйекті және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Ал қоршаған ортаны қорғау бойынша сауаттылық және тұрғындардың экология мәселелеріндегі белсенділігі ресурстарды саналы түрде тұтынуға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға алып келеді. Аталған барлық әрекеттер Президент белгілеген мақсатқа, атап айтқанда 2060 жылы Қазақстанда көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуге өз үлесін қосатын болады.