БҰҰДБ Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару реформасына қолдау көрсетеді
2023 ж. 31 August
Қазақстан жергілікті бюджеттердің дербестігін арттыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқару құрылымын өзгертіп жатыр. Маңғыстау облысының Боранқұл ауылының әкімі Ғалымжан Баймағанбетов сол өзгерістерді дәл сипаттап берді:
«Жергілікті өзін-өзі басқарудың мән-маңызы – басыбайлы бюджеттің болуы, қаражатты пайдалану мәселелерін өзіміздің жергілікті қауым мүшелерінің шешуі. Яғни, ауыл үшін маңызды шешімдер тікелей осы жерде қабылданады».
Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару реформасы Үкіметтің 2050 жылға дейінгі даму жоспарында баяндалған елді жаңғыртудың стратегиялық тұжырымдамасына сәйкес 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Аталмыш реформаның маңызын 2021 жылғы тамызда «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының» қабылдануы айшықтайды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту мәселесіне Қазақстан Президенті 2022 жылғы 16 наурыздағы Халыққа жолдауында да ерекше көңіл бөліп, тиісті заң әзірлеу қажет екенінбаса айтты.
2018-2022 жылдар аралығында Қазақстан барлық ауылдық округтерде төртінші деңгейлі бюджет енгізіп, қаражат пен коммуналдық мүлікті өз бетінше басқаруға мүмкіндік берді. Мұндай практикажоғарырақ деңгейлі бюджеттерден бөлінетін трансферттерге толық тәуелділіктен салықтар, алымдар, айыппұлдар, ерікті жарналар, коммуналдық мүлікті жалға беруден түсетін кірістер сияқты алуан түрлі кіріс көздерін пайдалануға көшуді білдіреді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігімен ынтымақтастықта ауыл әкімдеріне арналған оқыту тренингтерін ұйымдастырды. Тренингтерге 2500-ға жуық адам, соның ішінде Қазақстанның 17 өңіріндегі аудандық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері, оған қоса ауылдық елді мекендері бар барлық аудандардан (барлығы 166 аудан) келген қатысушылар қатысты.
Қазақстандағы БҰҰДБ Тиімді басқару бөлімінің басшысы Айнұр Баймырза осы бастаманың мақсатын былай деп түсіндіреді:
«Басты мақсаттардың бірі әкімдерге жергілікті билік органдардың жаңа, кеңейтілген функционалын жақсырақ түсінуге, сондай-ақ округ үшін маңызды жобаларды тікелей қаржыландыру жүйесінің анық-қанығына жетуге көмектесу болды. Мұндағы идея ауылдық округтерге өз аумақтарында болып жатқан жайттарға әсер ету, қаражатты қалай пайдалануды өз бетінше шешу, тіпті инфрақұрылымды жақсарту үшін өз кәсіпорындарын ашу үшін көбірек мүмкіндік беруді көздеді».
Мұндай кәсіпорындар әртүрлі қызметтер ұсынады. Сол қызметтер үшін алынған алымдар ауылдық округтің бюджетіне құйылады. Осындай жүйе жергілікті биліктің жергілікті мәселелерді шешу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің бас сарапшысы Қасымхан Мәжіков түсіндіргендей:
«Біздің мақсатымыз – ауылдық аудандарға өз аумақтарын жетілдіру үшін коммуналдық кәсіпорындар құру құқығын беру. Мысалы, олар абаттандыру, жол тазалау, жолдарды қыста күтіп ұстау және басқа да соған ұқсас мәселелерді шеше алады, сондай-ақ халыққа ақылы қызметтер де көрсете алады. Мұндай жағдайда әкімдік атынан аталған қызметтерді көрсету үшін әкім қажетті жұмысшыларды жалдай алады немесе ұйымдармен келісім-шартқа отыра алады. Осылайша әлгі қызметтер үшін төлемдер ауылдық округтің бюджетіне түседі. Бұл тәсілдің артықшылықтары көп. Ол әлгі қызмет түрлерін көлеңкелі экономикадан шығаруға көмектеседі әрі қызмет көрсетушілердің құқықтарын қорғайды».
Осы шаралардың барлығы саясатқа және процестерді бақылауға тең қатысуға ықпал ете отырып, әртүрлі мүдделердің, соның ішінде халықтың осал топтарының, жастардың және шалғай елді мекендердің тұрғындарының мүдделерінің әділ ұсынылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – халықты жергілікті мәселелерді шешуге қатыстыру. Тұрғындар кезек күттірмейтін қажеттіліктерді бірге анықтайды, ауылдарына қандай нысандар қажет екенін бірге таңдайды. Яғни, тұрғындар жергілікті қауымының тағдырын айқындауға тікелей қатысады деген сөз».атап өтті Қасымхан Мәжіков.
БҰҰДБ атсалысуы тренингтер мен сұрақ-жауап сессияларында жиналған білімді ескере отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың қолданыстағы тұжырымдамасын жақсартуға көмектеседі. Осындай бірлескен іс-қимылдар орталықсыздандыруға және инклюзивті басқаруға септігін тигізеді, сондай-ақ реформаларды әзірлеушілер мен оларды жер-жерде жүзеге асыратындар арасындағы алшақтықты қысқартады.
«Қазір біз өңірлерден ұсыныстар жинап, оларды жаңа тұжырымдамада ескеруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ басқа да заңдарға, атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу және төртінші деңгейлі бюджетке қатысты процедураларды жеңілдету саласында өзгерістер енгізуге тырысып жатырмыз. Біздің мақсатымыз ауылдардың ресурстарын арттыру үшін кейбір салықтар мен алымдарды ауылдық деңгейге беру болып табылады. Ауылдық деңгейге беру арқылы біз олардың бюджетін салықтан түсетін қосымша кіріспен толықтыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар ауылдық аудардың коммуналдық мүлкі кіріс келтіруін де қалаймыз. Бұл өз кезегінде түрлі мүмкіндіктерге, мысалы, қоғамға пайдалы нысандар салуға жол ашады», –деді Қасымхан Мәжіков.
Қазақстан жергілікті өзін-өзі басқару арқылы ауылдарды нығайтады. Аталмыш реформалар елдің теңгерімді прогреске және тұрақты дамуға қол жеткізу бағытында атқарып жатқан жұмысының бір бөлігі болып табылады. Сол реформаларды енгізу барысында едәуір тұрақты Қазақстанның берік іргетасы қаланады.