Құқықтық талдау сапасын гендерлік призма арқылы жақсарту: теориядан практикаға
2024 ж. 3 June
Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Құқықтық талдау сапасын гендерлік призма арқылы жақсарту: теориядан практикаға» тақырыбында тренинг өткізеді. Екі күндік іс-шара әйел депутаттарды, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдерін біріктіріп, олардың әділ энергетикалық ауысу және цифрлық трансформация саласын реттейтін заңнамада гендерлік сараптаманы қолдану жөніндегі түсінігі мен дағдыларын тереңдетеді. Семинарда халықаралық тәжірибе мен кейстер де ұсынылады.
«НҚА гендерлік сараптамасын енгізу гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мен оған қол жеткізудің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда жобаларға және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге гендерлік сараптама енгізу әдіснамасы әзірленді; ел заңнамасына гендерлік сараптама жүйесін үйлестіру және оны құқықтық талдау жүйесіне енгізу бойынша ұсынымдар берілді. Биылғы жылы мемлекеттік органдардың заң қызметтерін гендерлік сараптама әдістемесіне сәйкес оқыту жоспарланған және бүгінгі іс-шара барлық жоспарланған жұмыстың бастамасы болады»,– деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Зерттеулерге сәйкес бірде-бір ел, соның ішінде ең бай елдер тобындағылар да әйелдерге тең мүмкіндіктер қамтамасыз етпейді. Бұл олардың әлемдік экономикаға қатысуын және отбасылары мен қоғамдастықтарының әл ауқатын жақсартуға қосар үлесін шектейді.
БҰҰДБ-ның «Гендерлік әлеуметтік нормалар индексі» (ГӘНИ) әйелдерге қатысты біржақты көзқарасты еңсеруде кейінгі он жылда прогрестің жоқтығын көрсетеді. Дүниежүзіндегі 10 ер адам мен әйелдердің 9-ға жуығы әлі де гендерлік жалған көзқараста. Әлемдегі адамдардың жартысы ер адамдар әйелдерге қарағанда саяси көшбасшы ретінде жақсы жұмыс істейді деп сенеді, ал 40 пайыздан астамы ер адамдар бизнесті табысты басқарады деп санайды. Қазақстанда азаматтардың 93 пайыздан астамы, ерлер де, әйелдер де әйелдерге қатысты гендерлік қате түсінікте.
Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және олардың шешім қабылдау деңгейіндегі көшбасшылығы Қазақстандағы орнықты және әділ энергетикалық ауысудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
«БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанды цифрлық, инклюзивті және «жасыл» энергияға ауысуын қоса алғанда, құрылымдық өзгерістерге ниетін қолдайды. Қазақстан үкіметімен және даму жөніндегі серіктестерімізбен ынтымақтастықта біз елдің орнықты дамуы үшін шешуші маңызы бар жүйелер мен құрылымдарда тиімді өзгерістерге бастамашылық етуге ұмтыламыз. Осындай өзгерістердің әлеуетін мойындай отырып, біз жұмыс орындарын құруға, гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесе аламыз, әлеуметтік әділеттілікті қолдаймыз және осал тұстарын еңсеруге көмектесеміз»,– деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Қазақстандағы өзекті гендерлік проблемалардың ішінде әйелдердің шешім қабылдау деңгейінде жеткіліксіз ұсынылуы, еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық, еңбек нарығындағы көлденең және тік гендерлік сегрегация, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық, қысым көрсету (харассмент) байқалады. Орталық және жергілікті атқарушы билік органдарында әйелдердің өкілдік деңгейі төмен болып қалуда. Әйел министрлердің үлесі 14,3 пайызды құрайды. Парламент Мәжілісіндегі әйел депутаттардың үлесі 18,3 пайызды, ал Парламент Сенатында – 22 пайызды құрайды.
БҰҰДБ мен «БҰҰ-әйелдер» құрылымы Қазақстан тұрғындарына кешенді тестілеу жүргізе отырып бірлесіп өткізген зерттеуі шеңберінде әйелдерге қатысты қазіргі гендерлік таптаурындар мен дәстүрлі әлеуметтік рөлдер гендерлік теңсіздіктің түпкі себептері болып табылатындығын көрсетті.
Қазақстандағы БҰҰДБ әйелдердің экономикалық дамудағы рөліне, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және гендерлік таптаурындарға қарсы күреске баса назар аудара отырып, Қазақстан үкіметінің гендерлік күн тәртібін ілгерілетудегі күш-жігерін қолдайды. БҰҰДБ Үкімет пен мекемелерді білім беру бастамалары, хабардарлықты арттыру және күтім инфрақұрылымын дамыту арқылы кемсітушілік сенімдер мен тәжірибелерді өзгерту үшін жаңа шараларды қолдануға шақырады.