Demo Day: Маңғыстау креативті индустриялары мен 15 перспективті бизнес-жоба
2024 ж. 15 October
12 қазан күні Ақтау қаласындағы Yessenov University алаңында БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Маңғыстау облысының әкімдігінің қолдауымен креативті индустриялар Demo Day-і өтті. Іс-шара барысында инвесторлар мен сарапшыларға креативті стартаптарды дамыту және жеделдету бойынша кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бағдарламасының Ақтау, Бейнеу және Жаңаөзеннен келген қатысушылары әзірлеген 15 креативті жоба ұсынылды.
Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бағдарламасы БҰҰДБ-ның Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында төзімді қоғамдастықтарды қолдауға бағытталған, Жапония үкіметі қаржыландыратын жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.
Бағдарлама креативті идеяларды жүзеге асыру катализаторына айналды, деп атап өтті құттықтау сөзінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев:
«БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауы аймақ жастарының дамуы үшін өте маңызды. Маңғыстау облысында жастар үлесі өте жоғары, әлеуеті де зор. Мұндай жобалар жастардың әлеуетін ашуға және жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына үлес қосатынына сенімдімін».
Қазылар алқасы мүшелері мен сарапшыларға ұсынылған жобалар қолөнер өндірісі, музыка, маркетинг, контент шығару, дизайн және сәулет өнері сияқты креативті экономика салаларын қамтыды. Қатысушылар жергілікті және халықаралық нарықтарға бағытталған инновациялық идеяларын көрсетті. Жобаларды құрамына бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген қазылар алқасы бағалады.
Жобаны жүзеге асыруға бөлінген 500 мың теңге мен бас жүлдені Жаңаөзеннен келген Камшат Нұрғалидың қолдан жасалатын тафтинг кілемдерін өндіру жобасы алды. Екінші орынға Ақтау тұрғындары Мадина мен Жұлдыз Қосмағанбетованың ұлттық стильдегі дизайнерлік киім өндіру жобасы ие болса, үшінші орынды Бейнеу қаласынан келген Асланбек Сәрсенғалиевтың қыш өнері мектебін құру жобасы мен Ақтау қаласының тумасы Зарина Баянғалиеваның ұлттық ою-өрнектер салынған дизайнерлік тұсқағаз шығару жобасы бөліп алды.
Презентациялар инвесторлар арасында айтарлықтай қызығушылық тудырып, өңірдегі креативті кәсіпкерліктің одан әрі дамуы үшін жаңа перспективалар ашты. Demo Day қорытындысы бойынша екі жоба — Шынар Ермекбаеваның шағын кәсіпкерлерге арналған маркетинг курстары жобасы мен Айқоркем Қозыбайдың Digital-art студиясын құру жобасы инвесторлар тарабынан қаржыландыруға ие болды.
«Маңғыстау облысының жастары бағдарламамызға қызығушылық танытқанына өте қуаныштымыз. Тренингтеріміздің қатысушылары әзірлеген 15 тамаша жобаға тәнті болып отырмын. Жобаларыңыз қаржыландыруға жетіп қана қоймай, іс жүзінде жүзеге асырылып, ауқымдалып, жаңа жұмыс орындары мен аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін», —деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Demo Day Маңғыстау облысының жастары арасында креативті стартаптарды дамыту және жеделдету бойынша кәсіпкерлік дағдыларды дамыту бағдарламасының шарықтау шегі болды. Трекерлер қатысушылардың жобаларын жетілдіру жұмыстарын жылдың соңына дейін жалғастырып, бастамаларды жүзеге асыруға көмектеседі.