БҰҰДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың IV ECOJER Халықаралық Конгресіндегі & PAGE бағдарламасын аяқтау рәсіміндегі құттықтау сөзі

2024 ж. 22 October
a woman standing in front of a mirror posing for the camera
Фото: "Ecojer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының баспасөз қызметі

Жоғары мәртебелі Симкич ханым, Министр Нысанбаев, әріптестер мен достар!

Бүгін Қазақстандағы БҰҰ командасының атынан Жасыл экономика мәселелері бойынша маңызды диалогта сіздерді көргеніме қуаныштымын және бұл мен үшін үлкен мәртебе.

Қазақстанның төмен көміртекті даму жолында БҰҰ тарапынан жалғасып жатқан қолдауды қуана атап өтемін. 2019 жылдан бастап біз елдерге «жасыл», циклдік және инклюзивті экономикаларға ауысуға көмектесетін серпінді бастама – Жасыл экономика жөніндегі іс-қимыл үшін (PAGE) БҰҰ-ның әріптестік бағдарламасын іске асырып келеміз.

PAGE бастамасы 2013 жылдан бастап БҰҰ-ның бес агенттігін біріктіреді: БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (UNEP), БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO), Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) және БҰҰ Оқыту және зерттеу институты (UNITAR).

Осы агенттіктердің мандаттарын, тәжірибесі мен желілерін пайдалана отырып, соңғы бес жылда PAGE Қазақстанның жасыл экономикалық дамуының стратегиялық құрылымын әзірлеуге, жақсартуға және іске асыруға жәрдемдесті.

Бұл әріптестіктің маңызды жетістіктерінің бірі Қазақстанның Экологиялық кодексін, Көміртекті бейтараптық стратегиясын және Жасыл экономика тұжырымдамасын әзірлеуге және қабылдауға жәрдемдесу болды. Сонымен қатар, PAGE мемлекеттік сатып алу туралы заңнама, өнеркәсіпті декарбонизациялау, экологиялық білім беру, қалдықтарды басқару және салық реформасы сияқты негізгі секторлар мен тақырыптарға назар аударды.

Бұл прогреске Еуропалық одақ, Германия, Швеция, Финляндия, Норвегия, Швейцария және Оңтүстік Корея сияқты PAGE серіктестерінің қаржылық қолдауының арқасында қол жеткізілді, олардың көпшілігі бүгін бізбен бірге іс-шараға қатысуда.

Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күресте маңызды мезет болады және Париж келісімінің 10 жылдығына сәйкес келеді. Елдер өздерінің жаңартылған ұлттық деңгейде айқындалған салымдарын (ҰДАС) ұсынады және осылайша климаттың өзгеруіне қарсы өз міндеттемелерін растайды деп күтілуде. БҰҰ Бас хатшысы өршіл ҰДАС БҰҰ жүйесі үшін басты басымдық болып табылатынын және G20, G7 және басқа да маңызды диалогтардың күн тәртібінде тұрғанын атап көрсетеді.

Қазақстанда БҰҰ елдік командасы Үкіметке амбицияны арттыруға бағытталған ҰДАС-ты нығайту үшін және температураны 1,5°C деңгейінде ұстап тұру мақсатымен ұлттық күш-жігерді сәйкестендіру үшін қолдаудың 30-дан астам түрін ұсынды.

БҰҰ елдік командасы ретінде біз Қазақстанның осы мақсатқа жететініне сенімдіміз. Ел климаттық бастамаларда өңірлік көшбасшылықты көрсетеді. Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігі айқын және барлық мүдделі тараптардың қолдауымен «жасыл» ауысу табысты іске асырылып қана қоймай, Орталық Азия үшін орнықты дамудың жаңа стандартын белгілейді.

Қорытындылай келе, БҰҰ елдік командасының Қазақстанды жасыл және орнықты экономика жолында одан әрі қолдауға бейілділігін тағы да растағым келеді.

Біздің барлық серіктестерімізге ынта-жігерлеріңіз бен адалдықтарыңыз үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі талқылаулар мен олардан шығатын мазмұнды әрі келелі ұсыныстарыңызды күтемін.