БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі мен Жапония Елшісі Маңғыстау облысына іссапармен барды
2024 ж. 11 October
Бүгін БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мен Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада бірлескен іссапармен Маңғыстау облысына барды. Сапар аясында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен Орталық Азияда зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында төзімді қоғамдастықтарды қолдауға бағытталған, Жапония үкіметі қаржыландыратын БҰҰДБ өңірлік бастамасының бенефициарларымен кездесулер өтті.
Әкімнің орынбасарымен кездесу барысында БҰҰДБ-ның Қазақстандағы, атап айтқанда жергілікті даму саласындағы жұмысы талқыланды. Тұрақты өкіл БҰҰДБ мен Жапония Үкіметінің ортақ бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі бастамалармен таныстырды. Кездесу нәтижесінде тараптар өңірдің орнықты дамуын жеделдетуүшін ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға келісті.
Сонымен қатар Катаржина Вавьерниа мен Джун Ямада Маңғыстау облысындағы кәсіпкерлік пен креативті индустрияларды дамыту бағдарламасына қатысушылармен кездесті. Олар іске қосылған, табысты стартаптарын ұсынды. Сондай-ақ делегация әлеуметтік осал топтарға жататын жастарды жұмысқа орналастырыуды көздейтін тағылымдама бағдарламасына қатысатын кәсіпорындарға барды. Олардың арасында Bope Time балалар сауықтыру орталығы, Taza Like қайта өңдеу кәсіпорны және Idal’go жиһаз компаниясы бар.
Сапар аясында делегация БҰҰДБ мен Жапония Үкіметі өңірлік бастамасының орындалу барысымен, сондай-ақ өңірдің ағымдағы дамуымен жақынырақ танысты. Бұл бақылаулар Болашақта Маңғыстау облысындағы және басқа өңірлердегі тұрақты қоғамдастықтарға қолдауды күшейтуге көмектеседі.