Қазақстандағы экотуризм: адам мен табиғат теңгерімін сақтау
2023 ж. 26 June
Қазақстанда экотуризм барған сайын кең қанат жайып келеді. Бүгінде елімізде туристік маршруттар мен соқпақтар жайластырылып жатыр, виртуалды турлар әзірленуде, тұрақты бизнес дамып, заңнамалық негізді жетілдіру жүріп жатыр.
Алуан түрлі табиғи ландшафттарға, флора мен фаунаға бай Қазақстан табиғатты сақтау мен жергілікті халықтың мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге күш салуда. Биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтаудағы шешуші рөлді елдің ұлттық парктері атқарып отыр – олардың дамуы халықтың жұмыспен қамтылуы мен өңірлердің экономикалық өсуіне оң әсер етеді.
«Қатонқарағай» мен «Көлсай көлдері» ұлттық парктері Қазақстанның ең ірі ұлттық парктерінің қатарында болып қана қоймай, саяхатшылардың ең сүйікті жерлері болып табылады. Парктер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кіреді – олар өздерінің әдемі ландшафттарымен, әсем тау мен орман көріністерімен, биік таулы көлдері мен сарқырамаларымен таңғалдырады. Мұнда сирек кездесетін Қызыл кітап жануарлары мекендейді және өсімдіктердің төлтүрлері өседі.
Бүгінгі таңда ұлттық парктерді және жалпы алғанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) желісін заманауи технологиялардың көмегінсіз дамыту мүмкін емес. Жаңа IT-шешімдердің бірі 2022 жылы Қатонқарағай ұлттық паркі мен «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде әзірленіп енгізілген виртуалды турлар болып табылады. Виртуалды турлардың арқасында адамдарда саяхаттаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болады. Алайда, қазіргі заманғы шешімдер адамның табиғатта болуын толығымен алмастыра алмаса да, олар ұлттық парктердің әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристер үшін қолжетімді болуына көмектесе отырып, ЕҚТА-лардағы тұрақты туризмді дамыту жүйесіне оң әсер етеді.
Соңғы жылдары «Көлсай көлдері» ұлттық паркі жергілікті туристер үшін ғана емес, шетелден келген саяхатшылар үшін де тартылыс орталығына айналды. Ол Қазақстандағы халық ең көп баратын парк болып табылады. Соңғы 10 жылда туристер саны 10 есе өсті – 2022 жылы бұл ұлттық паркке шамамен 200 000 адам келген.
Хамит Ахметов туризм мен экологиялық ағарту саласында 24 жылдан астам жұмыс істеп келеді және «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің ғылыми қызметкері болып табылады. Ол бүгінде паркке келушілерде жетіспеушілік жоқ екенін мойындайды. Оның айтуынша, мұндағы өзекті мәселе – туристік маршруттар мен соқпақтардағы рекреациялық жүктеменің біркелкі еместігі. Қазіргі мезетте ұлттық паркте жеті туристік бағыт жұмыс істейді, алайда келушілер ең көп баратыны екеу-ақ – Төменгі Көлсай көлі мен Қайыңды көлі. Маман виртуалды турдың көмегімен бұл екі маршруттың жүктемесі ішінара азайтыла алатынына сенімді.
«Ұлттық паркке келушілердің 90%-і тек Төменгі Көлсай көліне барып, адамның психологиялық жайлылығы тұрғысынан ең құнды Орта және Жоғарғы көлдерді орынсыз назардан тыс қалдырады. Құрметті және Саты шатқалдарындағы маршруттарда туристер жабайы табиғатта оңаша қалып, құстардың сайрауын, жылғалардың сылдырын, әсем табиғат көріністерін тамашалай алады. Виртуалды турлар адамдарды ұлттық парк табиғатының алуантүрлілігімен сырттай таныстырып, әлеуетті туристерді басқа бағыттарды тамашалауға қызықтыра алады», – деп әңгімелейді Хамит Ахметов.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінде виртуалды турлар танымал маршруттардың жүктемесін азайтуға көмектессе, Қатонқарағай ұлттық паркінде олардың көмегімен жаңа келушілерді тарту ниеті бар.
Қатонқарағай ұлттық паркінің туризм жөніндегі маманы Серік Қоңырбаев виртуалды турлар ЕҚТА-ларды тек жергілікті туристер арасында ғана емес, сонымен қатар Қатонқарағай паркіне келушілердің бар болғаны 5%-ін құрайтын шетелдіктер арасында да ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қатонқарағай ұлттық паркіндегі туристік маусым өте қысқа – маусым айынан қыркүйекке дейін. Алайда, виртуалды турлардың арқасында кез келген адам әсем табиғатты жерлерге виртуалды саяхат жасап, ұлттық паркке болашақ сапарын жақсырақ жоспарлай алады», – деп әңгімелейді Серік Қоңырбаев.
Ол шетелден келген саяхатшылардың саны, ең алдымен, олардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз етуге байланысты екенін мойындайды. Ұлттық парктің сайтында және әлеуметтік желілерінде қонақ үйлері, көлік және басқа да қызметтер туралы ақпарат кезең-кезеңімен орналастырылып жатыр. Сонымен бір уақытта жаңа маршруттар мен соқпақтарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары Қатонқарағайда туристердің саны өсіп келеді: 2022 жылы саябаққа 7040 адам келген. Бұл үрдіс ағымдағы жылы да жалғасады деп күтіліп отыр.
«Біз туристік операторларды ынтымақтастыққа тартып жатырмыз, сондай-ақ Моңғолиядағы халықаралық әріптесімізбен жұмыс істеп отырмыз, мұның арқасында шетелдік туристер Қатонқарағай ұлттық паркі туралы көбірек біле бастады», – деп бөліседі Серік Қоңырбаев.
Паркте бұл шаралар туристерді көбірек тартуға ғана емес, сонымен қатар ұлттық паркте кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешуге де көмектеседі деп үміттенеді.
Қазақстанның қорықтары мен ұлттық парктеріне виртуалды турларды әзірлеу мен енгізуді Жаһандық Экологиялық Қордың (ЖЭҚ) қолдауымен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰДБ) Даму бағдарламасы іске асырады. Бүгінгі таңда жоба аясында виртуалды турлар еліміздің бес ЕҚТА-сында енгізілді: Батыс Алтай қорығы мен Қатонқарағай, Сайрам-Өгем, Тарбағатай және «Көлсай көлдері» ұлттық парктері.
Турлар 3D панорамалар мен әуе панорамаларының кескіндерін пайдаланып жасалған интерактивті презентациялар болып табылады және пайдаланушыға қатысу әсерін бере отырып, таңдалған кеңістікте жылжуға мүмкіндік беретін туристік маршруттар мен соқпақтар туралы ақпаратты қамтиды. Виртуалды турларды әзірлеу үшін БҰҰДБ мамандары пилоттық ЕҚТА-лардағы 79 жерде сурет түсірді.
Жергілікті қауымдастықтармен өзара әрекеттесу болмаса, ұлттық парктер мен қорықтарда экотуризмді дамытудың мүмкін еместігі сөзсіз. Қазақстанда тұрақты туризмді дамыту бірнеше жыл бойы негізгі міндеттерінің бірі жергілікті тұрғындар үшін экотуризм саласында қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту болып табылатын БҰҰДБ-ЖЭҚ жобасы шеңберінде жүргізіліп келеді.
Бүгінгі таңда «Көлсай көлдері» ұлттық паркінен 5 шақырым жерде орналасқан Саты ауылында 80-ге жуық қонақ үйі жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары арасынан шыққан кәсіпкерлер саяхатшыларға тұру, тамақтану, атпен серуендеу, көлік қызметтерін ұсынады, түрлі мастер-кластар өткізеді. Соңғы жылдары ерекше талғампаз саяхатшыларға қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінен сусындауға мүмкіндік беретін киіз үйлер ерекше танымал болып отыр.
Әлия Темірова өзінің киіз қонақ үйін 2022 жылы ашты. Кәсіпкер «Эко Даму» жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында сатып алған үш қазақ киіз үйін Көлсай көлдерінің жанында көтерген. Мұнда туристер киіз үйлерді жалға алып қана қоймай, қазақтың ұлттық тағамдарымен де таныса алады.
«Ата-бабаларымыздың дәстүрлі баспанасы болған киіз үй бүгінде шетелдік туристер арасында үлкен сұранысқа ие. Қазір біз өз қызметтерімізді әлеуметтік желілер арқылы ілгерілетіп жатырмыз, сонымен қатар шетелдік саяхатшыларды тарту үшін халықаралық брондау сайттарына шығуды жоспарлап отырмыз», – деп әңгімелейді Әлия.
Әлия өз бизнесін жұбайы мен туризм факультетін тәмамдаған бауырымен бірге дамытып отыр. Кәсіпкер ұлттық парктің жөнге салынған инфрақұрылымы ауыл тұрғындарына тұрақты бизнес құруға және осы өңірде экотуризмді дамытуға көмектесетінін айтады.
«Жоспарда – киіз үйлер санын көбейтіп, қазақ мәдениетін ілгерілету!», – деп бөліседі Әлия.
Қатонқарағай ұлттық паркінде қонақ үйлері көп емес – бар болғаны бесеу, алайда бұл өңір экологиялық таза материалдармен – киіз бен ағашпен шебер жұмыс істейтін халық қолөнершілерімен танымал.
Қатонқарағай ауылының тұрғыны Бақытбек Жалымбеков 10 жылдан бері ағаш оюмен айналысады. Өз шеберханасында ол кәдесыйлар мен ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Қолөнерші бұл жұмыс өзіне ғанибет екенін мойындайды және өз өнімдерінің ең алдымен қауіпсіздік пен экологиялық тазалыққа бағытталғанын атап өтеді.
«Біздің ата-бабаларымыз ағашпен жұмыс істегенді ұнататын және жануарлар мүсіншелері, ыдыс-аяқ, музыкалық аспаптар сияқты нағыз өнер туындыларын жасайтын. Менің ойымша, бұл қолөнер адам мен табиғатты өзара әрекеттесуге үйретеді, себебі ол қоршаған ортаға зиян тигізбейді», – деп әңгімелейді Бақытбек Жалымбеков.
2019 жылы кәсіпкер БҰҰДБ қолдауымен ұйымдастырылған «Qazaq-Oner» қолөнер орталығының оқыту тренингіне қатысқан 15 қолөнершінің бірі болды. Бүгінде Бақытбек Жалымбеков бұл дағдыларды өз бизнесін дамытуда табысты қолданады, бұл оған кіріс табуға және өз отбасын қамтамасыз етуге көмектеседі. Осы өңірде туризмді дамытудың арқасында кәсіпкер ағаштан өнім жасауға жеке тапсырыстар алып отырса, оның кәдесыйлары мен бұйымдары Қатонқарағай ұлттық паркіне келушілердің арасында сұранысқа ие болып отыр.
Бақытбек бүгінгі таңда табиғи аумақтардың экотуризмді дамыту үшін әлеуеті зор, соның арқасында ауыл тұрғындары өздеріне лайықты болашақты қамтамасыз ете алатындай бизнеспен айналысып қана қоймай, елдің биоалуантүрлілігін сақтауға да өз үлестерін қосуға мүмкіндік алады деп есептейді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық парктері, қорықтары мен табиғи резерваттары тұрақты болашақты дамыту моделіне сай: олардың аумағында адамдар мен табиғат үйлесім тауып жатса, жаңа технологияларды қолдану экологиялық туризм мен жергілікті қоғамдастықтардың дамуына әсер ете отырып, жабайы табиғатта саяхаттау туралы әдеттегі көзқарасты өзгертіп жатыр.