«Барыс» пен «Металлург» хоккей командалары Халықаралық қар барысы күнін қолдау мақсатында матч өткізді

2022 ж. 21 October
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

2022 жылғы 21 қазан, Астана қаласы. Халықаралық қар барысы күні қарсаңында «Барыс Арена» мұз сарайында «Барыс» (Астана) және «Металлург» (Магнитогорск) клубтары арасында хоккей матчы өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) бастамасымен матч аясында Қазақстанда қар барысын сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түр ретінде сақтау проблемасына назар аударуға арналған «Қар барысын сақтайық!» акциясы ұйымдастырылды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қар барысы жойылып кету қаупіне байланысты қар барысы Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне және оның мекендейтін барлық 12 елінің, соның ішінде Қазақстанның ұлттық Қызыл кітаптарына енгізілген. Соңғы 40 жылда Қазақстандағы барыстың популяциясы шамамен 180-200-ден 140-180-ге дейін азайды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтөре Сапарбаев

Бірнеше жыл бойы БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың (ЖЭҚ) қолдауымен елдегі қар барысының популяциясын қорғау және сақтап қалу жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Жоба барысында далалық зерттеулер, сондай-ақ браконьерлікке қарсы күрес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін құру және олардв жетілдіру, халық арасында экологиялық хабардарлықты арттыру, Қазақстанның табиғат қорғау заңнамасын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жүргізілуде. Бастама аясында Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының 13 ерекше қорғалатын табиғи аумағында 300-ге жуық фототұзақ орнатылған, олар қар барысының популяциясы мен оның жем-шөп базасына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.  БҰҰ Даму бағдарламасы бастамасымен Қазақстанда SMART-мониторинг пен патрульдеудің заманауи жүйесі енгізілген.

«Қазақстанда алғаш рет БҰҰДБ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Барыс» хоккей клубымен бірлесе отырып, спутниктік телеметрия көмегімен барыстарды таңбалау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс өткен жылы «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында басталып, онда аналық барыстың телеметриясы жүргізілді. Бұл бастама қар барысының мекендеу ортасы мен миграциялық жолдарын анықтау мақсатында жүзеге асырылуда», -
деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов.

«Қар барысын сақтайық!» экологиялық акциясы аясында «Барыс Арена» мұз сарайында жанкүйерлер үшін арнайы фотозоналар, қар барысы туралы фотокөрме, жүлделер ойнатылған конкурстар, балаларға арналған аквагрим және т. б. іс-шаралар ұйымдастырылды.  Сондай-ақ матчқа келушілер кәсіби суретшілермен бірге барыстың үлкен суретін жасауда мүмкіндік алды.

 

Халықаралық қар барысы күні жұртшылықтың осы сирек кездесетін жануар түрінің жойылу қаупі туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған. Қар барысы күні 2013 жылғы қазанда Бішкекте Дүниежүзілік қар барысын сақтап қалу жөніндегі форумда тағайындалды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ