Қазақстанның қар барысын сақтаудағы жетістіктері

2024 ж. 23 October
a cat lying on top of a snow covered slope
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Салтөре Сапарбаев

Қар барысы туралы

Қар барысы – планетадағы ең сақ және сирек кездесетін жыртқыштардың бірі. Ол негізінен теңіз деңгейінен 2.000-6.000 метр биіктікте таулы экожүйелерді мекен етеді. Барыстың әлемдік ауқымы Шығыс, Орталық және Оңтүстік Азияның 12 елін қамтиды. Бірегейлігі мен осалдығына байланысты жыртқыш Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне, сондай-ақ өзі мекендейтін барлық елдердің Қызыл кітаптарына енгізілген. 

мәтін

Қар барысына қандай қауіп бар?

Жер планетасында халық саны өскен сайын кеңістік пен ресурстарға деген сұраныс күн санап артып келеді, бұл өз кезегінде жабайы табиғатқа кері әсерді күшейтетіні анық.

Жабайы табиғаттың сирек кездесетін өкілдері, соның ішінде қар барысы мекендейтін миллиардтаған гектар жер антропогендік әсерге ұшырап жатыр. Қалалардың қарқынды өсуі, тұрақсыз туризм, ауылшаруашылық саласының кең етек жаюы, браконьерлік, соның ішінде қар барысының қоректік базасының жойылуы жыртқыш пен оның мекендеу ортасына үлкен қауіп төндіреді. Барыстың тіршілік етуіне кері әсерін тигізетін тағы бір фактор – климаттың өзгеруі. Климат жыртқыштың тіршілік ету ортасы – тау экожүйелеріне айтарлықтай өзгеріс әкелген, бұл өз кезегінде таулы аймақтарда азық, су ресурстарын табуда қиындық тудырады.

Барыс азық тізбегінің басында орналасқан және ол өзі мекендейтін экожүйелер жағдайының индикаторы саналады. Оның популяциясының азаюы экожүйелер деңгейінің төмендеуін білдіреді, ал бұл таулы жерлерде тұратын жергілікті қауымдастықтарға теріс әсер етеді. 

уақыт шкаласы

Қазақстандағы қар барысы

Қар барысы – Қазақстанның тірі символы және ол әлеуметтік және мәдени маңызға ие. Елде қар барысы негізінен таулы экожүйелерді мекендейді: оңтүстігінде-батыс Тянь-Шань, оңтүстік-шығысында – Жоңғар Алатауы, Солтүстік Тянь-Шань, шығысында – Алтай және Сауыр-Тарбағатай. Барлық тау жүйелері трансшекаралық болып келеді және Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей сияқты көрші елдердің аумағында жалғасады.

Қар барысының қазақстандық популяциясы Халықаралық ғылыми қоғамдастық үшін үлкен қызығушылық тудыратынын атап өткен жөн, өйткені Қазақстан жыртқыштың миграциясының трансшекаралық аймағы саналады.  Белгілі болғандай, барыс мекендейтін Орталық Азияның таулы экожүйелері ұлттық және халықаралық ауқымда жоғары маңызға ие, өйткені олар климаттық жағдайларды анықтайды. Сондықтан қар барысын зерттеу оны одан әрі сақтау үшін ғана емес, сонымен қатар, Орталық Азия елдерінің таулы аймақтарындағы халықтың әл-ауқаты тәуелді болатын ықтимал қауіптер мен экожүйелердің жай-күйін анықтау үшін маңызды рөл атқарады.

диаграмма

20 ғасырдың ортасынан басталған, тұрақсыз ауыл шаруашылығымен байланысты және соның салдарынан үлкен жер учаскелерінің деградациясы және қар барысының қоректік базасының қысқаруы Қазақстанда жыртқыштар санының күрт төмендеуіне әкелді. Адамзаттың әсерінен қар барысы Батыс Тянь-Шаньның шеткі жоталарының бірі- Қаратауы, сондай-ақ, Үлкен және Кіші Бұғыты, Сөгеті, Торайғыр, Ақтау, Іле және Жоңғар Алатауы сілеміндегі Қатутау жотасынан жойылып кетті. 1995 жылы елде тек 80-100 бас қар барысы болған.

Әлемдік биоәртүрлілік үшін құнды түр ретінде қар барысының жойылып кету қаупін ескере келе, бүгінде Қазақстанда оның популяциясын қорғау және сақтау бойынша жұмыстар атқарылуда. Елде «Қар барысын сақтау Стратегиясы» (2011) және «Қар барысын сақтау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарлары» (2015-2020) әзірленді. Жануарлар санының өсуіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісінің (ЕҚТА) қызметін жақсарту жөніндегі шаралардың пайдасы бар. Еліміздегі қар барысын қорғауды төрт өңірде: Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарында сегіз ЕҚТА қамтамасыз етеді. 

кесте

БҰҰ-ның қар барысын қорғау бойынша даму бағдарламасы

Соңғы онжылдықта Қазақстанда қар барысы популяциясының тұрақты өсуі байқалды. Бұған экожүйелерді қалпына келтіру және ЕҚТА қызметінің сапасын арттыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын жақсарту, экожүйелер мен биоәртүрліліктің сапалы есебі мен мониторингін жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізу жұмыстары септігін тигізді. Барыс пен оның тіршілік ету ортасын зерттеуде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. 

Бұл бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) және орман экожүйелері мен биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі Жаһандық Экологиялық Қордың (ЖЭҚ) жобасы болды. Жоба 2018 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан үкіметімен серіктестікте іске асырылды және қар барысын зерттеу және жыртқыштың мекендейтін жерлері мен қоректік базасын сақтау жөніндегі бастамалар кешенін қамтыды. Жұмысты іске асыру жылдарында жоба қар барысын зерттеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді, бұл оның елдегі санын қалпына келтіруге бағытталған іс-қимылдардың негізін қалады. 

2019 жылдың қараша айынан 2024 жылға дейін БҰҰДБ Қазақстандағы қар барысы мекендейтін жерлердің ықтимал шекараларын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Зоология институтымен белсенді жұмыс істеді. Зерттеу жұмысы төрт өңірде жүргізілді: Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстары. Бұл – Қырғыз, Іле, Күнгей және Жоңғар Алатауы, Кетмен, Сауыр және Тарбағатай жоталары. 

Осы ынтымақтастық шеңберінде 2019 жылы Қазақстандағы қар барысының саны туралы жыл сайынғы есеп беру жүйесі әзірленді. Айта кету керек, бірлескен күш-жігердің арқасында елдегі қар барысының саны 1990 жылдардың басынан бері екі есеге өсті және 2024 жылы барыс саны 152-189-ға жетті.

Бүгінгі таңда қар барысының жалпы санының 70 пайызы, яғни, 104-тен 135-ке дейінгі аралықтағы барыс саны ЕҚТА аумағын мекендейді. Таулы экожүйелердің едәуір бөлігін – барыстың тіршілік ету ортасын қорғауды ЕҚТА қамтамасыз ететіндігін ескере келе, БҰҰДБ олардың техникалық әлеуетін арттыруға күш салды. 14 ЕҚТА және сегіз орман шаруашылығында 294 фототұтқыш орнатылды, ауа райы және климаттық жағдайларға қарамастан, сапалы мониторинг жүргізуге және жабайы табиғат жағдайы туралы өзекті деректерді алуға мүмкіндік беретін 28 тепловизор берілді.

мәтін

Қар барысын сақтау жобасының жетістіктері

Табиғатты қорғау шараларының күшеюі, зерттеу сапасының артуы нәтижесінде қар барысының жаңа аумақтарда мекендейтіні алғаш рет байқалды. 

2019 жылы фототұтқыштар жыртқышты Жамбыл облысында Меркі орман шаруашылығы аумағында тіркеді, ал 2021 жылы ғалымдар «Алтын Емел» ұлттық саябағында қар барысының көбейгенін байқады. Айта кету керек, қар барысының ұлттық саябаққа жиі келуі, бұл аумақтың жыртқыштың көбеюінің табиғи ошағы екенін көрсетеді. Бұған дейін «Алтын Емел» ұлттық паркі құрылғанға дейін мұнда қар барыстары толығымен жойылып кеткен болатын. Табиғатты қорғау аумағын құру, экожүйелерді қалпына келтіру, қоректік базаның артуы жыртқыштың бұрынғы мекен ету орындарына оралуына мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта «Алтын Емел» ұлттық паркінде қар барысының саны белсенді түрде өсуде. Айта кету керек, бұрын бұл аймақ барыс мекендеуі мүмкін жер ретінде қарастырылмаған.

Қар барысы туралы зерттеулер әрі қарай жалғасты. 2021 жылдың қараша айында Қазақстанда алғаш рет қар барысының спутниктік телеметриясы өткізілді. Спутниктік телеметрия – бұл әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатын қауіпсіз және тиімді әдіс. Ол ғалымдарға жануарлардың орналасуы, ықтимал қауіптері, жем-шөп базасы туралы ең сенімді деректерді алуға мүмкіндік береді. Қар барыстарына алғаш рет «Алтын Емел» ұлттық паркінде халықаралық және отандық мамандардың қатысуымен навигациялық жабдықтармен белгі салынды. 2021-2023 жылдар аралығында Солтүстік және Орталық Тянь-Шань тауларында барлығы 11 барысқа спутниктік телеметрия жүргізілді. Алынған мәліметтер ғалымдарға қар барыстарының  Қазақстанның ішінде де, шекара арқылы да көрші мемлекеттерге қозғалу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта қар барыстарының Қытай мен Қырғызстанға қарай миграция карталарында тіркелген сенімді бағыты бар. Жыртқыштың жылыстау жолдары туралы ақпарат ЕҚТА-ны жетілдіру және жыртқыш аңды қорғаудың одан әрі шаралары үшін маңызды практикалық мәнге ие.

уақыт шкаласы

Айта кету керек, флора мен фаунаның жаһандық маңызды түрлерін, оның ішінде қар барысын сақтау үшін БҰҰДБ жаңа ЕҚТА құру және қолданыстағы аумақты кеңейту бойынша жұмыс жүргізді. 

Жамбыл облысында қар барысының болуы сирек кездесетін аңды қорғауды қамтамасыз ететін «Мерке» өңірлік табиғи паркін құруға негіз болды. Жалпы алғанда, БҰҰДБ ауданы 1,6 млн гектардан асатын алты жаңа ЕҚТА құру және қолданыстағы үш алаңды 214.000 гектардан астам аймаққа кеңейту бойынша жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерді аяқтады.

2024 жылдың ақпанында жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Конвенция Тараптарының конференциясы (CMS COP 14) шеңберінде жоба Самарқандта қар барысы мен оның экожүйелерін сақтау жөніндегі жаһандық бағдарлама ұйымдастырған қар барысын сақтау жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара барысында қазақстандық делегация қар барысын зерттеу және тұрақты сақтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. 

2024 жылы БҰҰДБ бастамасымен Қазақстан мен Қырғызстанның табиғи аумақтары арасында қар барысын сақтау мәселелері бойынша қол қойылды. Меморандум жыртқышты және оның солтүстік Тянь-Шань тауларында мекендейтін жерлерін зерттеу, сақтау үшін бірлескен іс-қимылдарды төрт ЕҚТА арқылы үйлестіруге мүмкіндік береді: «Көлсай көлдері» ұлттық паркі, Алматы мемлекеттік табиғи қорығы, Қазақстан Республикасының Іле-Алатау ұлттық паркі және Қырғыз Республикасының «Чон Кемин» мемлекеттік табиғи паркі аумақтары шегінде. 

Қар барысын тау экожүйелерінің «денсаулық» көрсеткіші ретінде сақтау тек ғалымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды міндеті болып отыр. Қазақстанда қар барысын сақтау жөніндегі бірлескен жұмыстың нәтижесі құнды биоалуантүрлілікті одан әрі қорғау үшін ғана емес, адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтауға да берік негіз қалыптастырды.